Қанды Қаңтар: Сотта айыпталушы тарап Айкөркемнің әкесін жазаға тартуды сұрады

«Бұл менің ауызымды жабудың амалы»


03/10/2023
12:35 14466 0

 

Алматыда Қанды Қаңтарда оққа ұшқан төрт жасар Айкөркем Мелдеханның өліміне байланысты сот процесі жалғасуда. 

Адвокат Жанғазы Күнсеркиннің сөзінше, 2 қазанда өткен 12 сот процесінде іске тіркелген видео көрсетілген. Осы уақытқа дейін 11 том іс қаралған. 

– Бүгін іс бойынша 1процесс аяқталды. Біз істі толықтай қарадық деп айта аламын. Тергеу кезінде ағаттықтар болған. Біз оның орнын сот тергеуі кезінде толтыруға тырысып жатымыз. Күдікті жазаға тартылады деп ойлаймын. Біз соттың басында күдікті ақтала ма, жоқ жазаға тартыла ма деген күдік болған. Бірақ қазір ондай күмән сейілді. Менің ойымша, оған жаза тағайындалады, – деді адвокат. 

Жанғазы Күнсеркин істе куә деп танылған өзге әскерилерді де қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп келе жатқанын айтты. 

– Біз күдіктіні жазалаудан бөлек, іске куә болып қатысқан өзге әскерилерді де қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етеміз. Ол туралы біз бұған дейін де айтқанбыз. Олар жалған куәлік еткен. Болған жағдайлар олардың кінәлі екенін көрсетуде, – деді ол. 

Айкөркем Мелдеханның әкесі Айдос Мелдеханның сөзінше, сот барысында айыпталушы тараптың қорғаушылары оның өзін жауапқа тартуды сұрап, сотқа өтінішхат түсірген. 

– Бүгінгі сот отырысында (күдікті-ред) Арман Жұманның адвокаттары сотқа ҚР ҚК 119-бабы бойынша «кәмелеттік жасқа толмаған балаларды қауіпті жерге қалдырып кетті» деген желеумен менің үстімнен қылмыстық іс қозғауын сұрап, өтінішхат түсірді. Сот өтінішхатты ашық қалдырды. Оны келесі сот процесінде қарайды. Бұл менің ауызымды жабу, одан басқа ешнәрсе емес. Мен бұл жерде шындық болады дегенге сенбеймін, – деді Мелдехан. 

Айдос Мелдехан Қаңтарда оққа ұшқан балаларын ешқандай жауапкершілікке тарта алмаған соң, өзіне психологиялық қысым жасап жатыр деп есептейді.

Айкөркем Мелдеханның өліміне байланысты істе бір ғана әскери Арман Жұман күдікті деп танылған. Ол бұған дейінгі сот отырысында журналистерге өзінің кінәсіз екенін айтқан. Ол Айкөркем мінген көлікке емес, мүлде басқа көлікке қарсы оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеген. 

– Бұл жерде менің кінәм жоқ. Мен кінәлі емеспін. Мен ол Фольксваген Пассаты көрген де жоқпын. [Атуға] бұйрық бергенде мен Хюндай яндекске бердім. Бұл кісінің машинасын көрген де жоқпын, – деген Жұман. 

Істе бір ғана томда «құпиялық» статусы бар. Соған байланысты сот жабық өтуде. Процеске БАҚ өкілдері мен бақылаушылар кіргізілмейді. 

Қанды Қаңтар кезінде Айкөркем Мелдехан мінген көлікке әскерилер оқ атқан. Салдарынан бүлдіршін қаза тауып, ағасы мен 16 жастағы әпкесі жараланған. 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

03/10/2023 12:35
14466 0

Уведомление